ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшылығы соғыс ардагерінің отбасына құрмет көрсетті
Криминалдық полиция департаментінің басшылығы ардагерлерді құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Отан соғысы жеңісінің 75 жылдығын мерекелеу қарсаңында ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшылығы соғыс ардагерінің отбасына құрмет көрсетті.
Департамент басшысы Думан Таев Ұлы Отан соғысына қатысушы, ішкі істер органдарының құрметті ардагері Қайржан Құрманалиннің отбасына барып, марқұм майдангердің зайыбын құттықтап қайтты.
Қайржан Құрманалин көп жылдар бойы ішкі істер органдарында еңбек еткен қарулы істер подполковнигі. 1991 жылы Целиноград облысының ІІБ-де бөлім басшысы лауазымынан еңбек демалысына шықты. Өкінішке орай, зейнеткерлікке шыққан соң, көп ұзамай 1994 жылы қайтыс болды.
Соғыс ардагерінің жесірі Рухия Гилязқызы – тыл еңбеккері, қалалық кеңес депутаты болып, халқына адал қызмет атқарған жан, бүгінде құрметті еңбек демалысында. 90-нан асқан жасына қарамастан, Рухия апай әлі де тың.
Қонақтар тыл еңбеккеріне құрмет көрсете отырып, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыс етті.
Департамент басшысы Рухия апаны Ұлы Жеңістің
75 жылдығымен құттықтай келе, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тіледі. Өз сөзінде Думан Таев соғыс ардагерлері мен олардың отбасы мүшелері ішкі істер органдарының назарынан тыс қалмайтынын, оларға әрқашан қолдау көрсетіліп тұратынын жеткізді. Өз кезегінде соғыс ардагерінің зайыбы полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, еңбектеріне сәттілік тіледі.
Ардагерлерге құрмет көрсету іс-шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.