ІІМ криминалистері шекарашыларға заманауи криминалистикалық зертхананы құруға көмектеседі
ІІМ-де криминалистер мен шекарашылардың кездесуі өтті. Кездесудің өтуіне ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде болашақта криминалистикалық зерттеулер жүргізілетін жеке зертхананы құру мәселесі негіз болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл қажеттілік шетелдіктердің мемлекеттік шекара арқылы жалған құжаттармен заңсыз көшіп-қонуға әрекет ету фактілеріне байланысты туындады.
ІІМ жедел-криминалистикалық департаментінің қылмыстарды ашуда және тергеп-тексеруде флагман болып табылатын заманауи криминалистиканы қарқынды дамытуы атап өтілді. Сондықтан шекара қызметінде жаңа криминалистикалық бөліністі құру ең ірі және көп функциялы мемлекеттік орган болып табылатын және барлық қылмыстардың 96% тергеп-тексеретін, еліміздегі әкімшілік құқық бұзушылықтардың 97% жолын кесетін Ішкі істер министрлігімен өзара тығыз қарым-қатынас жасау барысында шешілді.
Кездесуде жаңа бөліністі құру мәселесі ғана емес, құжаттарды техникалық-криминалистикалық зерттеу жүргізуге арналған көп функциялы бейнеспектралды компаратор сияқты жаңа құрал-жабдықты пайдалану мәселесі де талқыланды.
Іскерлік кездесу бейресми әңгімелесу түрінде өтті. Жедел-криминалистикалық департаменттің қызметкерлері шекара қызметінің өкілдеріне теориялық және практикалық көмек көрсетті.