Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ кубогы: ШҚО-да шайбалы хоккейден турнир басталды

Өскемен қаласында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің кубогы үшін шайбалы хоккейден турнир басталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл спорттық шара – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының құрылғанына 100 жыл толуына арналған маңызды тарихи оқиғаларға орай өткізілуде.

Турнир Өскемен мұз айдынында қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып отыр және игі дәстүрге айналуда. Биыл да турнир қожайындары еліміздің әр өңірінен келген мықты алты командаға қонақжайлылық танытып отыр. Жалпы кубок үшін барлығы 7 команда — Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ, ҚР ІІМ МҚКБ құрамасы жеңіс үшін күресетін болады.

Өскемен құрамасы  — мұз айдынында ерекше жылы атмосфера қалыптастырды. Ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті: трибуналардағы жанкүйерлердің қызу қолдауы, ойыншылардың жауынгерлік рухы мен спорттық жігер турнирдің басталуын әсерлі әрі есте қаларлықтай етті.

Салтанатты ашылуда Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Серік Манапов құттықтау сөз сөйледі.

— Полиция – тек құқық тәртібін қамтамасыз ететін құрылым ғана емес, сонымен қатар дене дайындығы мықты, бірлікті ұйым. Мұндай жарыстар командалық рухты нығайтып, төзімділікті арттырады. Бұл – ішкі істер органдарындағы қызмет күш-жігерді, абырой мен іске адалдықты қажет ететінін тағы бір дәлелдейді, — деді Серік Манапов.

Алда – тартысты ойындар, қызықты кездесулер мен әсерлі жеңістер. Турнир мазмұнды да есте қаларлық болары сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру