ІІМ мен Қазақстанның спорттық және жауынгерлік самбо федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Ішкі істер министрлігінде Спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының өкілдерімен кездесу өтіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов атап өткендей, ІІМ қызметкерлерінің арасында әлем, Қазақстан чемпионаттары мен халықаралық турнирлердің жүлделерін жеңіп алған спортшылар жетерлік.
- Тек өткен жылдың өзінде біздің қызметкерлер әлемдік деңгейдегі жарыстарды қоса алғанда, 21 алтын және 20 күміс медаль жеңіп алды, - деді министр.
Биыл тамыз айында самбодан Ішкі істер министрінің кубогына арналған жарыс өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар министр федерациямен ынтымақтастықтың стратегиялық маңызын атап өтті.
- Меморандумға қол қою самбо спортын дамытудың жаңа кезеңі болмақ. Бұл спорт түрі полиция қызметкерлері үшін базалық болуы тиіс, - деді Ержан Саденов.
Қазақстанның спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Руслан Жақсылықов бұл маңызды құжатқа қол қою ІІМ жүйесінің тарихи дәстүрлерінің жалғасы екенін атап өтті.
- Самбо құқық қорғау органдарын даярлаудың негізі ретінде қалыптасты. Ол тәртіпті, төзімділікті және жылдам шешім қабылдау қабілетін қалыптастырады, - деді ол.
Оның айтуынша, жекпе-жек спорт түрлерімен шұғылдану күштік құрылым қызметкерлерін даярлауда маңызды рөл атқарады және басқа да қызметтік-қолданбалы спорт түрлерін дамытудың негізі болып табылады.
