ІІМ Мобильді академиясы Жетісу облысы полиция басшылығына көшпелі сабақ өткізді
ІІМ Мобильді академиясы Жетісу облысы полиция басшылығына көшпелі сабақ өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Мобильді академия” жобасы аясында Алматыдағы М. Есболатов атындағы ІІМ академиясының қызметкерлері Жетісу облысы полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелері басшыларына арналған сабақ өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – басшылық құрамның кәсіби құзыреттілігін арттыру және көшбасшылық қасиеттерін дамыту.
Курстар барысында ішкі істер органдары жүйесіндегі идеологиялық жұмыстың маңызы, кадрларды кәсіби даярлау мәселелері және полицияның қызмет етуінің жаңа үлгісіне көшу үдерісіндегі басшының рөліне ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл полиция қызметінің тиімділігін арттыруға және халықтың сенімін нығайтуға бағытталған.
Бағдарлама аясында академияның өкілі – полиция полковнигі Тоқсанова М.Б. және ҚР ІІМ кадр жұмысы департаментінің ғылыми қызметкері Қаженов Б.Қ. тимбилдинг бойынша тренинг өткізді. Қатысушылар бірлескен жаттығулар арқылы командалық жұмысты тәжірибе жүзінде пысықтап, жедел жағдайларда бірлесіп әрекет ету дағдыларын жетілдірді.
“Мобильді академия” жобасы еліміздің әр аймағындағы ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына және кәсіби деңгейін арттыруға серпін беруді жалғастыруда.