ІІМ-нен ескерту: ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін ата-ананың 5 қателігі
ІІМ ересектер жиі жіберетін бес қателікті атады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Балаларды қараусыз қалдыру ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда туындайтын басты қауіптердің қатарында жол-көлік оқиғалары, балалардың терезеден құлап кетуі, су айдындарында қаза табуы бар. Жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына байланысты 50 жағдай тіркелді, оның төртеуі өліммен аяқталған. Көлік қағуы салдарынан 22 бала көз жұмып, 1 386-сы жарақат алған. Одан бөлек, 10 бала суға батып кеткен.
Баланың кіммен араласатынын қадағаламау оның жаман ортаға түсуіне себеп болуы мүмкін. Ата-ананың немқұрайлылығы жасөспірімдердің күмәнді адамдармен уақыт өткізуіне, құқықбұзушылық жасап, психоактивті заттарды қолданып, девиантты мінез-құлықты көрсетуіне дейін жеткізуі әбден ықтимал.
Отбасындағы жанжалдар, қолайсыз психологиялық ахуал мен ата-ананың теріс мінез-құлқы да балалардың қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді. Әдетте үйдегі ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылық кәмелетке толмағандардың бойында сенімсіздік, тұрақсыздық тудырып, ынжық және жасық мінез-құлықтың қалыптасуына себеп болады.
Интернет пен гаджеттерге еркін қол жеткізуі де қауіпті. Ата-аналар баласының телефонды немесе планшетті қалай пайдаланатынын бақыламаса, ол баланың қауіпті интернет қауымдастықтарға тартылуына, зорлық-зомбылықты насихаттайтын тыйым салынған контентті көруіне және күмәнді адамдармен байланыс орнатуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайлар балаларға қатысты кибербуллинг пен зорлық-зомбылықтың орын алуына себеп болады.
Тәрбиелеу функциясын ұмыту және жеке үлгінің маңызын елемеу – ата-аналардың тағы бір үлкен қателігі. Кейбір ата-аналар балаларды мұғалімдер тәрбиелеуі тиіс деп есептейді немесе баланың ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзі түсінеді деп қате ойлайды. Бұл — моральдық-этикалық құндылықтардың бұзылуына және девиантты мінез-құлықтың туындауына әкеп соғуы мүмкін.