ІІМ-нің Кинологиялық орталығында ашық есік күні өтті
Ішкі істер министрлігінің Кинологиялық орталығы «Есірткісіз салауатты болашаққа бірге» профилактикалық жұмысы аясында кезекті қонақтарды – Халық шаруашылығы университетінің студенттері мен профессорлық-оқытушылар құрамын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Кинологиялық орталыққа балалар мен жастарды шақыру, полицияның төрт аяқты көмекшілерімен тілдесу дәстүрге айналған. Ерекше қажеттіліктері бар балалар кинологтар мен қызметтік иттерге үнемі қонаққа келіп тұрады. Оқытылған иттермен қарым-қатынас жасау – олар үшін терапияның маңызды кезеңі.
Болашақ заңгерлердің полицияның кинологиялық қызметімен танысуы қызметтік иттердің есірткіні іздестіру және кинологтардың бұйрығын дәл орындау бойынша дағдыларын көрсетуден басталды. Қонақтар қызметтік иттердің әртүрлі тұқымдары мен әдеттері, оларды есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте қолдану мүмкіндіктері туралы көптеген қызықты мәліметтер алды.
Қызығушылық танытқандар иттердің іздестіру жұмысындағы шеберліктерін сынап, қызметтік иттерді оқытуға қатысты. Қонақтардың бірі өзін қаскүнем ретінде сынап, белгісіз бағытта жасырынып қалды, алайда Арчи есімді неміс овчаркасы оны иісі арқылы тез тауып алып, полиция қызметкерлері келгенше ұстады.
Студенттерге қызметтік иттердің көлікте және адамдардың киімдерінде жасырылған синтетикалық есірткінің иіс имитаторларының бар-жоғын қалай дәл анықтайтыны көрсетілді.
– Мұндай іс-шаралар Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының профилактикалық іс-шаралары аясында өткізіледі. Олардың мақсаты – есірткі қылмысына төзбеушілікті насихаттау, жастарды кинолог-мамандардың күнделікті жұмысымен таныстыру, сондай-ақ жануарларға деген қамқорлықты қалыптастыру, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті кинология бөлімінің басшысы Алмас Кунтуов.
Қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен полиция жыл сайын 3700-ден астам қылмыс ашады, биыл 360 есірткі құқық бұзушылығы, 50-ге жуық кісі өлтіру, 10 шақты қарақшылық, 90-ға жуық тонау, 1400-дей ұрлық ашылды.