ІІМ-нің Қостанай академиясының қызметкері Павлодарда жазасын өтеп жатқан шетелдік сотталғандарға онлайн кеңес берді
ҚР ІІМ Қостанай академиясының ІІО әлеуметтік жұмыс кафедрасының бастығы Н.Тулкинбаев Павлодар облысы бойынша ҚАЖД АП-162/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған шетел азаматтарына онлайн кеңестер берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Онлайн кездесу барысында сотталған шетел азаматтарына әлеуметтік-құқықтық көмек түрлерін көрсету мәселелері қамтылды. Сұхбат барысында сотталғандар қазіргі таңда өздерін мазалап жүрген көкейтесті сұрақтарын қойды. Сотталғандардың көпшілігі құжаттандыру мәселелеріне ерекше басымдық береді, бұл оларға одан әрі жұмысқа орналасуға, зейнетақыны ресімдеуге, берешектерін өтеуге мүмкіндік беретіндіктерін айтты. Сонымен қатар, шетелдік сотталғандар үшін күрделі мәселе – олар азаматтары болып табылатын мемлекеттердің елшіліктерімен және өкілдіктерімен байланыс туралы ақпараттардың болмауы екендігін жеткізді. Кейбір сотталғандар жазаларын өз елдерінде өтегісі келетіндіктерін айтса, кейбіреулері жазаларын өтеп болғаннан кейін Қазақстан Республикасында қалғылары келетіндіктерін де жасырмады.
Сұхбат соңында Н.Тулкинбаев сотталғандар тарапынан қойылған сұрақтардың мұқият сараланып, тиісті органдарға жеткізілетінін айтты.
– Шетел азаматы ретінде ұмыт қалмай, күрделі мәселелерді шешуге бағытталған мұндай кездесулердің өткізілуі – біз үшін үлкен мәртебе, – десті сотталған азаматтар.
Мекеме бастығының орынбасары Б.Тлеубаев Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясымен осындай байланыстар орнатудың пайдасы ұшан-теңіз екендігін айта келіп, алдағы уақытта қоғамның осал санаттарына жататын сотталғандарымен осындай кездесу өткізу туралы ұсынысын тілге тиек етті.