ІІМ өңірлерде Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылу барысын мониторингілеуді бастайды
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің төрағалығымен өткен Ақтөбе облысының өңірлік есірткіге қарсы штабының отырысында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды орындауға тартылған әкімдік басқармаларының және өңіраралық сот сараптамалары орталығының басшылары тыңдалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кешенді жоспарда жасөспірімдер мен жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға көп көңіл бөлінген.
– Нашақорлықтың алдын алу бойынша мемлекеттік органдар жүргізіп отырған алдын алу жұмыстарының жүйесіз әрі тиімсіз екенін ашық айту керек, – деді ІІМ өкілі Бақытжан Әмірханов.
Мұндай жұмысты ұйымдастыру кезінде аймақтағы азаматтық қоғамның әлеуетін пайдалану өте маңызды. Ол үшін облыстың ерекшеліктерін ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдарды, жергілікті басқару органдарын, белсенді азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын жұмылдырып, нашақорлыққа қарсы іс-қимыл моделін құру көзделген. Бұл әдіс басқа аймақтарда да жүзеге асырылып, жақсы нәтиже көрсетті.
Жиында нашақорлықтың алдын алуға қаржыландыруды қарастыру, мамандардың қатысуымен оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге байланысты шараларды облысты дамыту бағдарламасына қосу, әлеуметтік жарнаманы кеңейту, елді мекендердің қауіпті бөліктерінде бейнебақылау жүйесін іске қосу және тағы да басқа мәселелер талқыланды.
Ерекше қаралған мәселелердің бірі кәмелетке толмағандарды есірткінің заңсыз айналымына тарту болды. 2020 жылы жасөспірімдер 15 есірткі қылмысын жасаған, оның бесеуі сату фактісіне қатысты. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 26 фактіге дейін өскен, оның 10-ы сату фактісі. 2022 жылы кәмелетке толмағандар 25 есірткі құқық бұзушылығын жасаған, олардың жартысы (12 факт) – есірткіні сатуға қатысты.
Биыл қылмыстық іс жүргізуге 29 кәмелетке толмаған бала тартылды, оның ішінде 13-і колледж студенті, үш ЖОО студенті және алты оқушы бар.
Бұл жағдай полиция, жергілікті басқару органдары және оқу орындарының әкімшілігі тарапынан келісілген түсіндіру жұмысындағы проблемаларды көрсетеді.
Кеңеске қатысушылар мектептер мен колледждердің педагогикалық корпусы есірткіге қарсы полиция бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірге нашақорлықтың алдын алуды ұйымдастыруға дайын құрылым бола алатындығымен келісті. Жасөспірімдерді есірткіні тұтынудың құқықтық салдары мен зияны туралы хабардар етуден басқа, білім беру мекемелерінде есірткіні тарату және қолдануды болдырмауға мұқият назар аудару қажет.
ІІМ өңірлермен осы жұмыс тәжірибесін жалғастыратын болады. Бұл аймақтардағы бар проблемаларды шешуге, оларға республикалық деңгейдегі мамандарды тарта отырып, әдістемелік көмек көрсетуге және нашақорлықтың алдын алуда оң тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.