ІІМ Қарағанды академиясының курсанты гір тасын көтеруден әлем чемпионы атанды
1-4 шілде аралығында Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында 16 және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында гір тасын көтеруден Әлем чемпионаты өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Әлем біріншілігіне сегіз мемлекет қатысуда: Қазақстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан және Моңғолия. 200-ден астам спортшы өз салмақ дәрежелеріндегі мықтыларды анықтауға жиналған.
73 келіге дейінгі салмақта Әлем чемпионатында еліміздің атынан спорт шеберіне үміткер, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы Захар Коваленко сынға түсті. Ол 24 келі гір тасын 10 минуттың ішінде 222 рет көтеріп, сайыста алтыннан алқа тақты.
68 келіге дейінгі салмақта спорт шеберіне үміткер, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы Назар Коваленко өнер көрсетті. Ол гір тасын 184 рет көтеріп, күміс жүлдені қанжығалады.
Атап өту керек, ағайынды жігіттер ІІМ-нің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында білім алады.