ІІМ: Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қылмыстық топты ұстады
Ішкі істер министрлігі қоғамда заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жұмысын жалғастыруда.
Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның көмегімен бірқатар ауыр қылмыстар жасағаны үшін айып тағылған қылмыстық топтың құқыққа қайшы әрекетін жойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- Оларға қатысты бопсалау, тонау, алаяқтық және қаруды заңсыз сақтаудың 18 эпизоды бойынша тергеу жүргізілуде. Аталған қылмыстық істер бойынша жәбірленушілерге келтірілген жалпы залал 26 млн теңгеден асады.
Тінту шаралары барысында күдіктілерден бірнеше атыс және суық қару, сондай-ақ көптеген оқ-дәрілер тәркіленді.
Қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың басқа да ұқсас фактілерге қатыстылығы тексерілуде.
"Заң және тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету министрліктің ерекше бақылауында, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.