ІІМ: Қарағанды өңірінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы екі қылмыстық топты ұстады
Ішкі істер министрлігі өңірлердегі кәсіпорындарға қылмыстық топтардың ықпал етуіне жол бермеу, сондай-ақ бағалы металдарды, материалдық құндылықтарды ұрлаумен айналысатын топтардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша тұрақты түрде кешенді шаралар қабылдауда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
14 мамырда Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүйелі түрде материалдық-техникалық құралдар мен жанар-жағармай материалдарын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстауға бағытталған арнайы операция жүргізді. Олар қорғасын-мырыш кенін өндіру және өңдеу саласындағы ірі кәсіпорыннан ұрлық жасаған.
Тергеу барысында көрсетілген кәсіпорынның бірнеше қызметкері күзетшілермен сөз байласып, бірнеше ай бойы ұрлық жасап, ұрланған заттарды заңсыз қабылдау пунктіне өткізгені анықталды.
- Жүргізілген шаралардың нәтижесінде 18 адам қылмыс үстінде ұсталды. Ұрланған жанар-жағармай мен металл бұйымдары және автотехникаға арналған қосалқы бөлшектер тәркіленді.
Сондай-ақ тінту барысында тіркелмеген бес мылтық, оның ішінде кесілген және ойық ұңғылы карабин, травматикалық қару мен оқ-дәрілер тәркіленді, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
21 мамырда аталған өңірдің тұрғындарынан құралған бағалы металдардың заңсыз айналымына қатысы бар тағы бір қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.
Тінту шаралары барысында шамамен 17 тонна мыс концентраты, кенді қайта өңдеуге арналған жабдықтар, әртүрлі құжаттар мен ақша алынды.
- Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар басқа да қылмыстарға қатыстылығы бойынша тексерілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - деді Қуандық Алпыс.