ІІМ қазақстандықтарды 1 млрд теңгеге алдаған алаяқты Минскіден экстрадициялады
ІІМ қазақстандықтарды 1 млрд теңгеге алдаған алаяқты Минскіден экстрадициялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясы Ресей азаматы Ольга Клейнардтың Қазақстанға экстрадициялануына қолжеткізді. Ол «Questra World» ірі қаржы пирамидаларының бірін ұйымдастырды деп айыпталуда. Ольга Клейнард біздің еліміздің аумағында алаяқтардың әрекеттеріне жетекшілік етті. Алаяқтық әрекеттерінің нәтижесінде мыңдаған қазақстандықтар алданып, келтірілген шығын сомасы 1 млрд. теңгеден асты.
Ол Беларусь Республикасының аумағында ұсталды. Кешегі күні ол Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Қазіргі уақытта күдікті азаматша тергеу изоляторларында.
Естеріңізге сала кетейік, «Questra World» компаниялар тобы туралы қылмыстық іс бойынша бұған дейін ҚР ІІМ қызметкерлері сегіз адамды ұстаған болатын.
Алаяқтардың әрекеттері ойдан шығарылған инвестициялық портфель түрлерін сату туралы ақпарат орналастырылған веб-сайттардың көмегімен жұмыс істеген. Алаяқтар азаматтарға инвестициядан жылдық 300% – ға дейін пайда табуға уәде берген.
«Questra World» қаржы пирамидасының тағы бірнеше елде жұмыс істегені анықталды.