ІІМ қоян-қолтық ұрыстан өткен турнирде жоғары нәтиже көрсетті
Елордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 10 жылдығына орай қоян-қолтық ұрыстан республикалық турнир өтті. Құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың қызметкерлерінің басын біріктірген сайыстың бас жүлдесі Антикор төрағасының кубогы болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарысқа ҰҚК, МКҚ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ТЖМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және Қаржы мониторингі агенттіктерінен 60-тан астам спортшы қатысты.
Турнирдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрысты насихаттау, сондай-ақ қатысушылардың спорттық шеберлік деңгейін арттыру.
Ішкі істер министрлігінің намысын қорғаған тәртіп сақшылары жоғары нәтиже көрсетті. 80 келіде Айдын Төлепбаев алтын жүлдені қанжығасына байлады. 67 келіде Аманбек Жаманқараев, 73 келіде Ниетхан Төлеуханов, 88 келіде Нұрбол Сқақов күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал 57 келіде Абылай Асхат пен 97 келіден жоғары салмақта Эльдар Мұхитов үздік үштікті қорытындылады.
Спорттағы бұл жетістіктер полицейлердің кәсіби даярлығын көрсетеді.