ІІМ Ресейдегі трансұлттық интернет-алаяқтар желісін әшкереледі
Ішкі істер министрлігі Қазақстан азаматтарына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесу мақсатында трансұлттық қылмыстық топтарды халықаралық деңгейде анықтау жұмыстарын жалғастырып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- 21 қазан күні іссапар барысында Қазақстан Республикасы ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Ресей Федерациясының ІІМ Киберполиция басқармасымен бірлесіп, ұзақ мерзімді жедел шаралар нәтижесінде Ресейдің үш өңірінде интернет-алаяқтардың жолын кесті. Олар Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарына қатысты заңға қайшы әрекеттер жасау үшін sim-карталарды жеткізу және қосу арнасын ұйымдастырған.
Арнайы операция нәтижесінде күдіктілерден 11 sim-box құрылғысы, 3 ноутбук, 31 ұялы телефон, сондай-ақ 19 мыңнан астам қазақстандық және еуропалық sim-карталар тәркіленді.
Тәркіленген ноутбуктерде 2023 жылдың басынан бастап іске қосылған түрлі байланыс операторларының абоненттік нөмірлері туралы мәліметтер сақталған "лог-файлдар" табылды. Бұл нөмірлер алаяқтық қоңыраулар жасау үшін пайдаланылған.
Заңсыз әрекеттері үшін Ресей Федерациясының төрт азаматы ұсталды. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.
Бірлескен әрекеттер sim-карталарды жеткізу арнасын және трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатуға, азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алуға, сондай-ақ халықаралық киберқылмысқа елеулі соққы беруге мүмкіндік берді, - деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.