Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ спортшылары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кубогына қатысты

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында еліміздің құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдары қызметкерлерінің арасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кубогына қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Сайысқа ІІМ, ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі, Қаржы мониторингі агенттігі және Антикор спортшылары қатысты. 

Полиция ведомствосының атынан сегіз жауынгер сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша олардың алтауы жүлделі орын иеленді.

57 келі салмақ дәрежесінде Қарағанды облысы ПД қызметкері Нұрхан Баққожин екінші орынды қанжығасына байлады.

– Ішкі істер органдарында қызмет етіп жатқаныма үшінші жылдан асып барады. Спорт саласында жүргеніме жеті жарым жыл болды. Жеке бапкерім Айдын Жанатов Қарағанды қаласынан, – деді Нұрхан.

67 келі салмақ дәрежесінде тартысқа түскен Қостанай облысы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының 29 жастағы инспекторы Аманбек Жаманқараев жанкүйерлерді екінші орынмен қуантты. Команданың ең тәжірибелі спортшысына ақтық бәсекеде санаулы ұпай жетіспеді.

– Жазда өткен әлем чемпионатында екінші орынға ие болдым, жақында Қарағандыда ІІМ біріншілігінде бірінші орын алдым. Бүгін үш жекпе-жек өткіздім. Осы сайыста да топ жарамын деп келгенмін негізі. Бірақ енді жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді дегендей, екінші орын бұйырып тұр екен, – деп атап өтті Аманбек.

73 келі салмақ дәрежесінде Кирилл Литвиненко екінші орын алды. Полиция капитаны алған жарақатына байланысты финалда өнер көрсете алмады.

– Жарыс өте жақсы деңгейде өтті. Бұған дейін Қарағандыда ІІМ чемпионаты болған, онда мен чемпион атандым. Өкінішке орай, бұл турнирде жолым болмады. Полицияда сегіз жылдан бері қызмет етіп келемін. ММА бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін, 2015 жылғы ММА бойынша Азия чемпионымын. Менің өмірім спортпен тығыз байланысты. Болашақта бұдан да биік асуларды бағындырамыз деген ойдамын, – деді Кирилл.

Елордалық полиция қызметкері Нұрлан Тұрғанбаев 80 келі салмақ дәрежесінде турнирдің күміс жүлдегері атанды.

– Спортпен мектеп кезінен бері айналысамын. Еркін күрестен бастағанмын. Спорт шебері атағын алғанмын. Қазақстан кубогында ақтық мәреге дейін жеткенмін. Ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері жұмыс істеп келемін, – деп атап өтті Нұрлан.

Бұдан бөлек ІІМ-нің тағы екі өкілі – 62 келіде Заманбек Данабеков және 88 келіде Нұрбол Сқақов үшінші орынға ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ІІМ спортшылары үш алтын және үш күміс медаль жеңіп алып, командалық есепте көш бастаған еді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру