ІІМ терроризм актісі туралы жалған хабарлама үшін жауапкершілік барын еске салды
2024 жылы ішкі істер органдары әртүрлі нысандарда жарылғыш құрылғылар орнатылғаны туралы көрінеу жалған хабарламалар бойынша 247 қылмыстық іс тіркеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Жалған терроризм" фактілер үшін 48 күдікті ұсталды, олардың 15-і кәмелетке толмағандар. Қазіргі уақытта қылмыстық жауапкершілікке 13 адам, оның ішінде бір жасөспірім тартылды.
- Егер жалған хабарламаларды жіберуші қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеген жағдайда, оның ата-анасы балаларды тәрбиелеу шараларын қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы мұндай шаралар 6 ересек адамға қолданылды.
Сонымен қатар сот шешімімен жалған шақырту салдарынан объектінің иесіне немесе мемлекетке келтірілген залалды өтеу туралы қылмыскерге талап-арыз қойылады. Залал мөлшері екі миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Терроризм актісіне дайындық туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін 5 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, сондай-ақ 5 жылға дейін бостандықты шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - деді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Алмас Талқанбаев.