ІІМ: Үш айда пәтер ұрлығы үшін 25 қылмыстық топ ұсталды
Пәтер ұрлығы - бұл мүлікті ұрлау мақсатында тұрғын үйге заңсыз кірумен байланысты қылмыс түрі. Ол кілт таңдау, есіктерді бұзу, терезе немесе балкон арқылы кіру сияқты әртүрлі әдістер арқылы жасалуы мүмкін.
ІІМ пәтер ұрлығын азайту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Соңғы бес жылда оның саны 14 мыңнан 6 мың дерекке дейін, яғни екі жарым еседей азайды. Жыл басынан бері пәтер ұрлығының тіркелуі 30%-ға төмендеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Айлакер ұрылардың қылмыстық әрекетінің жолын кесу бойынша шаралар тұрақты негізде жүргізіледі.
- Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Топ құрамында үш адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша шығын 10 млн теңге, - деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
2025 жылдың үш айында ел бойынша пәтер ұрлығын жасағаны үшін 25 қылмыстық топ ұсталды.
Ұрлыққа жол бермеу үшін ІІМ қарапайым әрі тиімді қауіпсіздік шараларын ұсынады: есікке сапалы құлып, терезелерге торлар орнатып, дабыл жүйесі мен бейнебақылау камераларының мүмкіндіктерін қолдануға болады.
Әлеуметтік желілерде қолда бар ақша жинақтары мен зергерлік бұйымдар, материалдық құндылықтар және оларды сақтау орындары туралы ақпаратты жарияламаған абзал.