Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ: Үш өңірде мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды

Ішкі істер министрлігі мен оның аумақтық бөліністері мал ұрлығына қатысы бар адамдардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесуге бағытталған ауқымды жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Нәтижесінде бір мезгілде елдің үш өңірінде, яғни Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында жүйелі түрде мал ұрлығымен айналысқан үш ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды.

Тергеу барысында анықталғандай, қылмыстық топ мүшелері иелері қараусыз жіберген жылқы мен ірі қара малды еркін жайылымнан ұрлап отырған. Ұрланған мал алыс жерлерге айдалып, сол жақта сойылып, еті базарларға өткізілген.

Жедел іс-шаралар барысында күдіктілерден 55-тен астам ұрланған мал тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Қылмыстық топтардың ұйымдастырушылары мен сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабына (Мал ұрлығы) сәйкес оларға 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.

ІІМ азаматтарға төрт түлік малды қараусыз қалдырмауға және жоғалған жағдайда бірден полицияға хабарлауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру