Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ ұсынымдары: турфирмалар арқылы ұмра мен қажылыққа бару кезінде қалай алаяқтықтың алдын алуға болады

Қазақстан ІІМ азаматтарға ұмра мен қажылықты турфирмалар арқылы ұйымдастыру кезінде кездесуі мүмкін алаяқтық туралы ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қасиетті сапарды ұйымдастыруда сенімді компанияны таңдау маңызды. Алаяқтардың айласына түсіп, ақшадан айырылып қалмас үшін төмендегі сақтық шараларын ұстану қажет:

- Фирманың лицензиясын және ол туралы пікірлерді тексеріңіз. Мұндай сапарларды ұйымдастырумен айналысатын ресми туристік фирмалардың мемлекеттік лицензиясы болуы керек. Клиенттердің пікірлерін зерттеңіз. Туроператорлар әр туристке туркод ұсынуы тиіс.

- Тым төмен бағаға қызығып, алданып қалмаңыз. Егер сізді төмен бағамен қызықтырса, асықпаңыз, мұндай ұсыныстар көбінесе алаяқтықпен байланысты болуы мүмкін. Түрлі турфирмалардың бағаларын салыстырып, олардың нарықтық бағаға сәйкестігін анықтап алғаныңыз жөн.

- Құжаттар мен келісімшартты тексеріңіз. Барлық келісімшарттарды мұқият оқып шығыңыз. Әрбір тармаққа жіті назар аударыңыз, бұл келеңсіз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Егер сізге бір нәрсе түсініксіз болса, маманмен кеңесуді ұмытпаңыз.

- Байланыс деректеріне назар аударыңыз. Сенімді турфирманың әрқашан байланыс телефоны, электронды поштасы және нақты мекенжайы болады. Алаяқтар көбінесе байланыс деректерін көрсетпей, виртуалды парақшалардың артында жасырынуы мүмкін.

- Тур бағдарламасын мұқият зерделеңіз. Турдың құнына не кіретінін анықтаңыз (ұшу, тұрғын үй, көлік, тамақтану, медициналық сақтандыру және басқа қызметтер). Барлық қажетті шығындардың ескерілгеніне және кездейсоқ төлемдердің болмайтынына көз жеткізіңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру