Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ "Заңсыз келуші – 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды

13-17 қазан аралығында елімізде "Заңсыз келуші – 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу, шетелдік азаматтардың заңсыз еңбек қызметін анықтау, сондай-ақ ҚР азаматтарының көші-қон заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болды.

Полиция қызметкерлері 30 мыңнан астам шетелдік пен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ 2 мыңнан аса нысанды – құрылыс алаңдарын, базарларды, фермерлік шаруашылықтарды және жеке тұрғын үйлерді тексерді.

Тексеру нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 13061 фактісі анықталды. 9 500-ден астам шетел азаматы жауапкершілікке тартылып, олардың 1 770-і елден шығарылды. Сонымен қатар көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 2 759 астам Қазақстан азаматы және шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 707 жұмыс беруші жауапқа тартылды.

Одан бөлек, іс-шара барысында 33 қылмыстық іс қозғалды. Олар мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру және шетелдік жұмыс күшін қайталап заңсыз тарту фактілеріне қатысты.

Мәселен, Павлодар облысында криминалдық полиция қызметкерлері жеке кәсіпкердің шетелдік жұмысшыларды бірнеше рет заңсыз жұмысқа тартқанын анықтады. Ол осыған дейін де дәл осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ал Алматы облысында жедел уәкілдер Жамбыл ауданының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғады. Жамбылдық тұрғын 139 шетел азаматын тұрақты тіркеуге қою арқылы заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырғаны анықталды.

Көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыс жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру