ІІО ардагерлері мен Абай облысы ПД басшылығы өзекті мәселелерді талқылады
ІІО ардагерлері мен Абай облысы ПД басшылығы құқықтық тәртіптің өзекті мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының полиция департаментінде маңызды кездесу өтті. ПД бастығы Сұлтан Бектөре ІІМ ардагерлер ұйымының төрағасы Өмірзақ Болсамбеков пен ІІО-ның құрметті ардагері Геннадий Цымбалдымен кездесті. Жиын барысында тәлімгерлік, жас қызметкерлерге тәжірибе беру және ардагерлер мен қазіргі полиция қызметкерлері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Қатысушылар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен жастарды патриоттық тәрбиелеудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұл Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген қазіргі реформалар мен міндеттер аясында аса өзекті.
Ардагерлер өз тәжірибелері мен ұсынымдарымен бөлісіп, дәстүр сабақтастығы – полиция қатарындағы тұрақтылық пен кәсібиліктің негізі екенін атап өтті.
- Ардагерлердің жас қызметкерлерге тәжірибе беруі – бұл тек құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар құқық қорғау саласындағы үздіксіз дамудың қажетті шарты. Олардың білімі мен кәсіби тәжірибесі – заманауи құқық қорғау жүйесінің іргетасы. Біз әрбір жас полицейдің аға буын өкілдерінің қолдауын сезінуін және заңға адал қызмет етудің маңыздылығын терең түсінуін қалаймыз, - деді Сұлтан Бектөре.
Ол сондай-ақ осындай кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, полиция қызметкерлері арасында жоғары кәсібилік пен жауапкершілік деңгейін қалыптастыратынын атап өтті.
- Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру. Бұл тұрғыда тәлімгерлік ерекше маңызға ие. Өмірін қызметке арнаған ардагерлер – жастар үшін адалдықтың жарқын үлгісі, - деп түйіндеді Абай облысы ПД бастығы.