Индонезиядағы жеңіс: полицей ару әлем чемпионы атанды
Индонезияда өткен «Gamma World MMA Championship 2024» әлем чемпионатында полицей ару әлем чемпионы атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10-14 желтоқсан күндері Индонезия астанасы Джакарта қаласында ересектер арасында өткен «Gamma World MMA Championship 2024» әлем чемпионаты аяқталды. Әлемнің 66 елінен келген 920 спортшы қатысқан бұл дүбірлі додада Атырау облысы полиция департаментінің қызметкері Аида Хайруллина Қазақстан намысын абыроймен қорғап, әлем чемпионы атанды.
72,6 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аида үш кездесуін де сенімді жеңіспен аяқтады. Алғашқы кезеңдерде Камбоджа мен Австралия спортшыларын айқын басымдықпен жеңсе, финалда Египет өкілімен өткен тартысты жекпе-жекте өзінің шеберлігі мен физикалық дайындығының жоғары деңгейін көрсетіп, алтын медаль иегері атанды.
– Жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызметіммен қатар, спортта да осындай жетістікке жетуім – жаттықтырушыларымның, әріптестерімнің, отбасымның және елімнің зор қолдауының нәтижесі. Бұл алтын медаль – тек менің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Алдағы уақытта да елімнің абыройын қорғауға бар күш-жігерімді саламын, – деді Аида Хайруллина жеңісінен кейінгі сөзінде.
Аида Хайруллинаның жеңісі – Қазақстанның спорттағы тағы бір мақтанышы ғана емес, сондай-ақ жауапты қызмет пен спортты қатар алып жүріп, биік белестерге жетуге болатынын дәлелдеген жарқын үлгі. Еліміздің туын көкте желбіретіп, Қазақстанның абыройын асқақтатқан жеңімпазға алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз!