Integrity check: полиция қызметкерлерін тексеру қалай жүріп жатыр
ІІМ парасаттылыққа тексерудің алғашқы нәтижесімен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекітті. 2023 жылы оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында құқық қорғау және сот органдарында парасаттылыққа тексеруді немесе integrity check енгізу тетігін пысықтау көзделген.
11 қаңтарда ІІМ алқа отырысында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ішкі істер органдарының қызметкерлерін парасаттылыққа тексерудің пилоттық жобасының іске қосылғанын хабарлады.
Ведомствода полицейлердің күнделікті жұмысына барынша жақын ситуациялық кейстер, оларға ден қою нұсқалары және тексерілетін адамдардың іс-әрекеттерін бағалау критерийлері әзірленді.
Ең алдымен күнделікті халықпен байланыста болатын бөліністердің қызметкерлері тексеруден өтті. Бұл патрульдік полиция, ювеналды полиция, көші-қон қызметі, учаскелік полиция пункттерінің, модульдік және стационарлық бекеттердің, фронт-офистер мен кезекші бөлімдердің қызметкерлері.
Бастапқы кезеңде азаматтармен қарым-қатынас құру, қызметкерлердің олардың өтініштеріне жедел әрекет ету қабілетін тексеруге баса назар аударылды.
Сондай-ақ қызметкердің сыртқы түрі, яғни нысандық киімі, материалдық-техникалық жарақтандырылуы, қызметтік планшеттерді, бейнетіркегіштерді, жетондарды, автокөліктерді мақсатты пайдалануы бағаланды.
Қаңтар айында Астана, Алматы қалаларының, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарының полиция департаменттерінде тексерулер жүргізілді.
Жоба іске қосылған қысқа мерзімге қарамастан тексеру нәтижелері өз тиімділігін көрсетті. Өтініштерге жедел қызмет көрсетіле бастады, қызметкерлер өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға, дұрыс және сыпайы жауап беруге ұмтылуда. Бұл қызмет көрсету моделінің принциптеріне сәйкес келеді.
Сонымен қатар тексеру профилактикалық тұрғыдан да әсер етті.
Өткен айда анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны едәуір өсті.
Мысалы, тек Астана қаласында жол қозғалысы ережелерін бұзудың жалпы саны 23 800-ге дейін жетті:
- мас күйінде көлікті басқару – 187;
- құжатсыз немесе жүргізу құқығы жоқ адамның басқаруы – 603;
- қозғалыс барысында басымдық бермеу – 216;
- міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзу – 771;
- қозғалыс жылдамдығын асыру – 16 600;
- жолаушыларды тасымалдау жөніндегі талаптарды сақтамау – 1195;
- телефонды пайдалану – 313.
Полицейлер тексерулер туралы біле отырып, барлық өтініш берушілерден ықтимал тексерушілерді көріп, өздерінің міндеттерін адал орындайды.
Пилоттың басталуымен полиция қызметкерлерінің оларға пара беру әрекеттері туралы хабарлауы да артты. Ағымдағы жылдың қаңтар айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұндай фактілердің саны 3 есеге жуық өсті.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері, сондай-ақ олардың қызметтік автокөліктері мен үй-жайлары ақпаратты автоматты түрде жедел басқару орталықтарына жіберетін заманауи фиксаторлармен жабдықталған.
– Лауазымды адамға пара бергені үшін айыппұл салуды немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды көздейтін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз.
Полиция қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде бағынбау мен қарсылық көрсетуге жол берілмейтіні туралы хабарлаймыз. Жыл басынан бері осындай 19 факт, сондай-ақ билік өкілін қорлаудың 44 фактісі тіркелді.
Азаматтарды заңға бағынуға және заңсыз әрекеттерді жасамауға шақырамыз. Бопсалау жағдайында ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік қызметіне немесе 1402 сенім телефонына дереу хабарлау қажет, – деп атап өтті ведомствода.