Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Интернет-алаяқтарға сеніп қалған петропавлдық жарты млн теңгесінен айырылды

Интернет-алаяқтарға сеніп қалған петропавлдық жарты млн теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құмарлық – желідегі алаяқтардың сенімді серіктерінің бірі. Желідегі «қаражатты еселейміз» деген хабарландыруға сеніп қалған Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтықтың құрбанына айналды.

Интернеттен өзін қызықтырған хабарландыруын тауып алып, ұсынылған сайтқа тіркелген. Келесі күні WhatsApp мессенджеріне хабарласып, жобаға қатысу үшін 150 мың теңге салу қажет екенін айтқан. Ер адам шағын несие ұйымынан займ ресімдеп, алған қаражатын алаяққа аударған. Көп кешікпей оған 50 доллар табыс таптыңыз деп хабарлайды. Қызыққанынан қосымша қаражат салып отырған қалалыққа «дивидендтері» көрсетілген кестелер жолданып отырған. Жәбірленуші алданғанын сезген кезде, «табысын» талап еткен. Алайда алаяқтар табыс алу үшін тағы да салым салу керек деген. Ақырында 545 мың теңгесінен айырылған ер адам полицияға жүгінеді. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

– Интернет-қолданушыларына желідегі «қаражатты жылдам еселеудің» түрлі амалдарына, қаржы пирамидасының көріністері бар ұйымдардың ұсыныстарына сенбеуді қатты ескертеміз. Сондай-ақ, интернет арқылы тауар не қызмет сатып аларда алдын ала төлемге келіспеңіздер. Ең маңыздысы – логин, құпия сөз, банк карталарының кодтары, sms-хабарламамен келетін бір реттік кодтар сияқты ақпараттарды құпия ұстау. Бұл ақпараттарды қандай жағдай болмаса да, ешкімге хабарлауға болмайды. Естеріңізде болсын: интернет-алаяқтықтан қорғанудың негізгі жолы – жеке мәліметтеріңізге ұқыпты қарау, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру