Интернет-алаяқтыққа қарсы ерекше акция: Қарағанды – Астана бағытында қауіпсіздік керуені жүріп өтті
Қарағанды – Астана бағытында қауіпсіздік керуені жүріп өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында тың әрі әсерлі форматтағы акцияны қолға алды. Құқық қорғау органдары Қарағанды – Астана бағытындағы қоғамдық көлікті іске қосып, оны интернет-алаяқтықтан сақтану жөніндегі ақпараттық баннерлермен безендірді.

Ақпараттық автобус 24 қаңтар күні Қарағанды қаласынан жолға шығып, елордаға дейін жүріп өтті. Сапар барысында көлікте жастардан құралған еріктілер тобы мен полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері болды.

Олар кеншілер астанасында екі аялдама жасап, тұрғындармен тікелей тілдесіп, интернет-алаяқтардың кең таралған айла-тәсілдері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Акция Астана қаласында жалғасын тауып, Бәйтерек монументі маңында елорда тұрғындарына арналған ақпараттық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Осылайша, киберқауіпсіздікке бағытталған челлендж ресми түрде Астана қаласына табысталды.

Іс-шараның маңызына тоқталған Қарағанды облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Арман Қайрақбаев қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың алдын алу аса өзекті екенін атап өтті.
— Бүгінгі акцияның басты мақсаты — халықтың киберсауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу. Ақпараттық банерлермен безендірілген автобус арқылы қала тұрғындарының назарын қауіпсіздік мәселесіне аудардық. Акцияны Астана қаласында жалғастыру арқылы оның ауқымын кеңейтуді көздедік. Алдағы уақытта бұл челлендж басқа өңірлерде де өз жалғасын табады деп сенемін, — деді ол.
Айта кетейік, өткен жылы Қарағанды облысы полиция департаментіне интернет-алаяқтық фактісі бойынша 2562 дерек тіркеліп, тұрғындарға келтірілген материалдық шығын көлемі 4 миллиард теңгеден асқан.

Мұндай профилактикалық акциялар алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылып, қоғамды киберқылмыстан қорғауға бағытталмақ.
