Интернет алаяғы ұсталды
Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жолмен жұрттан ақша алған жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-на жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу оны инстаграм арқылы «ОҢАЙ АҚША ТАБУ» атты ойынға қатысуға шақырған. Ойынның шартын түсіндіре келе сеніміне кіріп, екі еселеп берем деген уәдемен өз шотына 35 000 теңге аудартқан. Кейін «несиеңіз болуына байланысты» деген желеумен тағы 57 000 теңге салдырып, соңында алдап кеткен.
Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Сарығаштық полицейлер қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында тез арада іске кірісіп кетті. Жедел іздестіру жұмыстары кезінде аталған есепшоттың кімге тиесілі екені белгілі болды.
Тәртіп сақшылары, күдіктіні 3 күн ішінде Шымкент қаласынан ұстады. Тергеуші Ерасыл Намазбаевтың анықтауынша, күдікті Шымкент қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз жас жігіт болып шықты. Ол өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасына аз қаржы салып, ақшасын көбейтіп алғанын айтып, жалған парақшасына жарнама жасап отырып, жәбірленушіні алдап түсіргені анықталды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда ұсталған жас жігіттің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алаяқтықтың бүгінгі таңдағы жаңа түрі – ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген интернет-алаяқтық болып отыр және оның түрлері де күн өткен сайын кең таралып, көбейіп келеді.
Интернет-алаяқтық деп – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтамыз. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру секілді жымысқы әрекеттерді жасайды. Сондықтан барынша сақ болыңыз! Кез-келген адамға сенбеңіз, өзіңізге ғана белгілі құпия сандарды ешкімге айтпаңыз, көрсетпеңіз. Нақты сенімді болмасаңыз, ақша аудармаңыз!