Ірі мөлшерде заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды
Түркістан облысы Созақ полицейлері 130 келі заңсыз балық аулаған браконьерлерді ұстады,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Браконьерлік және табиғат қорғау заңнамасын бұзу жайттарын анықтау және
жолын кесу бойынша жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Созақ аудандық полиция бөлімшесінің ЖПҚ қызметкерлері жергілікті көлдің жағасында заңсыз балық аулаған Ордабасы ауданының екі тұрғынын ұстады.
Тәртіп сақшылары күдіктілерден айғақты зат ретінде 130 келі балық, қайық,
тор және басқа да балық аулау құралдарын тәркіледі. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заңсыз ауланған 130 келі балық балабақшаға тапсырылды.
Түркістан облысының полицейлері балық ресурстарын заңсыз аулау саласындағы табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.