Іш киіміне есірткі жасырған павлодарлық ұсталды
Іш киіміне есірткі жасырған павлодарлық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қарасора-2021» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласы көшелерінің бірінде психотроптық заттарды қойып кетушіні ұстады.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 29 жастағы ер адам ұсталды, ол жеңіл пайда табу мақсатында психотроптық заттарды байланыссыз тәсілмен сатумен айналысқан, яғни қала аумағында психотроптық заттарды «қойып» кету жолымен таратқан. Жеке тінту жүргізу кезінде ұсталған адамның іш киімінен көк түсті изолентамен оралған 41 түйіншек табылып, тәркіленді, оның ішінде 41 полимерлік зип-пакет болды, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Сарапшының қорытындысына сәйкес, алынған зат жалпы салмағы 23,241 грамм «α-пирролидиналерофенон» психотроптық заты болып табылады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында жатыр.
Ер адам синтетиканы тарату арнасын құру үшін Павлодар қаласынан облыс орталығына келіп, жалдамалы пәтерде тұрғаны анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі 1,3,5-тармақтары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, баптың санкциясымен 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.