Ішкі істер министрі Атырау облысының тұрғындарымен кездесті
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Атырау облысында жұмыс сапарымен болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында еліміздің бас полицейі тұрғындармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Облыстық академиялық драма театрында өткен кездесу тікелей эфирде ведомствоның әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында көрсетілді.
Министр өңірге тән өзекті мәселелерді көтерді. Соның бірі – жолдағы қауіпсіздік.
– Жол апаты салдарынан адамдардың қаза табу фактілері басқа деректерге қарағанда әлдеқайда көп. Біз жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өз тарапымыздан қажетті шараларды жасап жатырмыз. Бірақ бұған көптеген факторлар әсер етеді: жолдардың сапасы, жүргізушілердің мәдениеті, көлік құралының жағдайы, жолаушыларды заңсыз тасымалдау, – деді Марат Ахметжанов.
Осы орайда ол тұрғындарды сақ болуға, ал жергілікті билікті полициямен бірлескен шараларды күшейтуге шақырды. Сонымен қатар министр Атырау облысында қылмыс деңгейінің 17%-ға төмендегенін хабарлады.
Шара барысында ведомство басшысы соңғы жылдары қылмыс мүлдем тіркелмеген Ортақшыл және Орлы ауылдарын ерекше атап өтіп, көпшілікке үлгі етті.
Сұрақ-жауап кезінде тұрғындардың бірқатары аймақтағы есірткі айналымы алаңдатып отырғанын айтты. Атырау облысында 5,4 кг есірткі тәркіленді, оның негізгі бөлігі – «синтетика».
Басқа да мәселелер бойынша сауал жолдағандар болды. Сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдаған министр ведомствоның қызмет басшыларына тапсырмалар берді.
Ішкі істер министрі өңірлік БАҚ өкілдерімен де кездесті. Журналистермен әңгімелесіп, атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Проблемалық мәселелермен жүгінгендерді министр жеке қабылдады. Мәселені жан-жақты қараған ол түйткілді түйіндердің шешілуін өз бақылауына алды. Онымен қоса, азаматтарды жеке қабылдауды елордадан аймаққа арнайы келген ІІМ орталық аппаратының басшылары да жүргізді.