Ішкі істер министрі өзенге секірген қызды құтқарған ұландықты марапаттады
Ішкі істер министрі өзенге секірген қызды құтқарған ұландықты марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлттық ұланның елордалық 5573 әскери бөлімінде өзенге секіріп, өз-өзіне қол салмақ болған бойжеткенді құтқарған Ұлттық ұлан әскери қызметшісін құрметтеу кеші өтті. Еліміздің Ішкі ішкі істер министрінің бұйрығымен қатардағы Эрик Косян “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды.
Жауынгерге марапатты 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Мұхамедов табыс етіп, барлық жеке құрам атынан жауынгерге батыл әрекеті үшін алғысын білдірді.
– Ержүректілік пен батылдық біздің құраманың жауынгерлеріне тән қасиеттер. Біздің міндет – қандай жағдай болмасын, тіпті өмірге қауіп төнсе де, бейбіт тұрғындарға көмек көрсету. Жас шақырылым қатардағы Косянның әркетінен Отанға қызмет атқарудың айқын үлгісін көретініне сенімдімін, – деді құрама командирі.
Сондай-ақ 5573 әскери бөлімі командирінің бұйрығымен бойжеткенді құтқаруға көмектескен қатардағы жауынгерлер Илья Мащенко мен Артем Григорьев грамотамен марапатталды.
Еске салу кетейік, оқиға 25 мамыр күні күндізгі уақытта Есіл өзенінің жағасында орын алды. Елорданың аталған ауданында адам тығыз орналасқанмен, ешкім судың қасында өзін ерсі ұстаған қызға көңіл бөлмеген. Бойжеткен ойламаған жерде суға секіргенде елордалық ұландық оқиғаны байқап, тез арада құтқаруға кіріседі.
Қыз судың түбіне кетіп бара жатқанын байқаған қатардағы Эрик Косян тез арада өзенге секіріп, бойжеткенді судан алып шығады.