Сервистік полиция: Қарағандыда жаңа модельді енгізу тәжірибесі талқыланды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында ІІМ басшысы облыс әкімі Жеңіс Қасымбекпен кездесті. Кездесуге, сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушісі Алексей Калайчиди, ЕҚЫҰ полиция реформасы жөніндегі кеңесшісі Эльмира Хисамутдинова, әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлері қатысты.
Олар полиция жұмысының сервистік моделін енгізу мәселелерін талқылап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ жұмысының нәтижелерімен танысты.
Естеріңізге сала кетейік, алғашқы жоба 2019 жылы Қарағандыда ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен басталған болатын. Жобаның мақсаты басқа мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың, арнайы мамандар мен сарапшылардың қатысуымен пилоттық аумақтың проблемаларына терең талдау жүргізу болып табылады. Ол үшін Қарағанды облысы әкімдігінің жанынан қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ құрылған.
Осыдан кейін ведомство жетекшісі қарағандылық учаскелік полиция инспекторларымен кездесті. Министр полицияның негізгі міндеті – азаматтардың қауіпсіздігі екенін атап өтті. Ол полицияның ұлттық сервистік моделінің басты тұлғасы – учаскелік инспектордың тиімді жұмыс істеуі үшін ІІМ жағдай жасауды жалғастыратынын атап өтті.
Жиында Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин министрге учаскелік полиция инспекторларының жұмысы бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы 23 учаскелік полиция пункті жөнделіп, 3 модульдік бекет орнатылды, ал ағымдағы жылы 5 УПП және 3 модульдік бекет ашу жоспарланған.
Сонымен қатар министр полицияның Жедел басқару орталығында болып, тергеу бөлімшесінің де жұмысымен танысты.
Марат Ахметжанов жеке құраммен кездесуде өңірдегі полиция қызметінің басым бағыттарын анықтады.