Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер министрі Ұлттық ұланның Шымкенттегі әскери бөліміне барды

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ұлттық ұланның Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне қызметтік іс-сапармен келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұмыс сапары барысында ведомство басшысын ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов, “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Талапкер Әміреев, 6506 әскери бөлімінің командирі Бауыржан Қабылбеков және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қарсы алды.

ҚР ІІМ басшысы нысанды аралау барысында 6506 әскери бөлімінің материалдық-техникалық базасын, қызметтік инфрақұрылымдарының және де оқу-жаттығу объектілерінің жағдайымен танысты. Сонымен қоса, 6506 әскери бөлімінің тарихынан сыр шертетін, батырлардың ерлігін насихаттайтын мұражайдың көрмесін аралады.

Еліміздің бас полицейі Марат Ахметжанов өз сөзінде Ұлттық ұланның елдегі тұрақтылықты сақтау, азаматтар мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндеттер орындайтынын атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің атқарған жұмысына жоғары баға бергенін жеткізді.

– Ішкі істер органдары үшін де, Ұлттық ұлан бөлімшелері үшін де қаңтардағы оқиғалар күрделі сынақ болды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қиын күндерде алдыңғы шепте конституциялық құрылым мен ел тыныштығын қорғады. Мемлекет басшысы әскерилердің жауынгерлік дайындығына, құқық қорғау саласына айрықша мән беріп отыр, – деді ІІМ басшысы.

Содан кейін Ішкі істер министрі бөлімнің құрамында жасақталған «Жас Бүркіт» спорттық әскери-патриоттық клубының қырандарымен танысып, олардың біріне айрықша сыйлық жасады. Дәлірек айтсақ, Марат Ахметжанов клубтың ең жас мүшесіне өзінің жеке қол сағатын сыйға тартты.

Кездесу соңында еліміздің бас полицейі бөлім жеке құрамының алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов, өз кезегінде, Президент пен Ішкі істер министрінің тапсырмаларының толық көлемде орындалатынын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру