Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер министрі жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстанға барды

Цифрландыру және тұрмыстық қылмыстарды төмендету – ішкі істер министрі СҚО полицейлеріне маңызды міндеттерді атқаруды тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ішкі істер министрі Ержан Саденов Солтүстік Қазақстан облысына іссапармен барып, облыстық полиция департаментінің басшылығымен және жеке құрамымен кездесті.

Ведомство басшысы өңір полицейлерінің алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. Олардың қатарында – цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуды күшейту, су тасқынынан кейін қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Министрдің айтуынша, Солтүстік Қазақстанның халқы ұйымшылдығын көрсетіп, жергілікті атқарушы органдары су тасқынына күрес шараларын белсенді қолға алған.

Сондай-ақ Ержан Саденов облыс полицейлерін заңнамалық өзгерістер шеңберінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету жөніндегі жұмыстарға бағыттады, оған сәйкес бірқатар құқық бұзушылық құрамы әкімшілік кодекстен қылмыстық кодекске ауыстырылды. Анықтау органдарының алдына отбасы мен тұрмыс саласындағы ауыр қылмыстардың алдын алу үшін заңнамадағы жаңа өзгерістерді барынша тиімді пайдалану міндеті қойылды.

Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, мас күйде жасалатын қылмыс санын азайту бойынша барлық шараны қабылдау маңызды екені айтылды.

Бұдан бөлек, министр қызметтік тәртіпті нығайтуға баса назар аударды.

Кездесу соңында ІІМ басшысы мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов тәртіп сақшыларын келе жатқан кәсіби мереке — Қазақстан полициясы күнімен құттықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру