Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Алматы облысында жедел кеңес өткізді
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Алматы облысында жедел кеңес өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызметтік іссапар аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Алматы облысына барды. Сапар барысында ол облыстық полиция департаментінің басшылығымен және жеке құрамымен жедел кеңес өткізді.
Кеңесте ішкі істер органдарының осы жылдың 7 айындағы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ "Қарасора – 2025" жедел алдын алу іс-шарасының нәтижелері талқыланды. Жиналыс барысында өңірдегі қылмыстық ахуалға талдау жасалып, қылмысқа қарсы күрес шараларының тиімділігі, есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу жұмыстары қаралды. Құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты міндеттер қойылды.
Б.Әленов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың полицияға деген сенімі тікелей қызметкерлердің кәсібилігіне және жүктелген міндеттерді сапалы орындауына байланысты екенін атап өтті.
– Полиция алдында нақты мақсаттар тұр: қылмыс деңгейін төмендету, профилактикалық жұмысты күшейту және халықтың сенімін арттыру. Әрбір қызметкер қоғам мен мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін сезінуі маңызды, – деді Бауыржан Әленов.
Кездесу соңында ол алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындап, тәртіпті нығайту, қызметтік даярлықты жетілдіру және халықпен белсенді өзара іс-қимыл жасаудың қажеттілігіне назар аударды.