Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков СҚО-ға жұмыс сапарымен барды
Министрдің орынбасары Айдар Сайтбеков бірқатар бөліністің қызмет атқару жағдайын және техникалық жарақтандырылуын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
А.Сайтбеков азаматтардың құқықтарын қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау жөніндегі міндеттерді орындау үшін материалдық-техникалық базаны нығайту қажеттігін атап өтті.
Жедел басқару орталығында министрдің орынбасары цифрландыру деңгейімен, бейнебақылау жүйелерінің жұмысымен танысты. Полицейлер облыс орталығындағы тәртіпті 228 айналмалы және 192 стационарлық бейнекамераның көмегімен бақылайды. Бұдан бөлек, полицияның бейнебақылау жүйесіне 249 мектеп пен 54 балабақша, негізінен тұрғын үйлердің аулаларында орнатылған 626 бейнебақылау камерасы қосылған.
Министрдің орынбасары жұмыс сапары барысында Жамбыл ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болған марқұм Ерік Оспановтың әйелі Аягөз Оспановаға барып қайтты. 2006 жылы жолдың қарсы бөлігіне шыққан мас жүргізуші оның автокөлігіне соғылып, апат салдарынан полиция қызметкері қаза тапты. Аягөз Сұңғатоллақызының жеке баспанасы жоқ, Петропавл қаласы полиция басқармасында тергеуші болып қызмет атқарып жүрген ұлы Жасланмен бірге ведомстволық жатақханада тұрады.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ішкі істер министрінің орынбасары қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция офицерінің жұбайына бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Айдар Сайтбеков Жасланның әкесінің ісін лайықты жалғастырушысы болатынына және қызметте жоғары жетістіктерге жететініне сенім білдірді.