Ішкі істер министрінің орынбасары іссапармен СҚО-ға барды
Министрдің орынбасары Айдар Сайтбеков Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жеке құрамымен жұмыс кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында жеке құрамға Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жаңа бастығы - бұған дейін Ақтөбе облысы полиция департаментін басқарған Абай Жусупов таныстырылды.
Айдар Сайтбеков Мемлекет басшысының мақаласында айқындалған ел басшылығы мен Ішкі істер министрлігінің талаптарын, сондай-ақ министрлік алқасының 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі басымдықты жеткізді. Министрдің орынбасары ішкі істер органдары қызметінің барлық бағытына назар аударды: патрульдік полицияның жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуінен бастап, киберқылмысқа қарсы іс-қимылға, медиакеңістіктегі жұмысқа және қоғамда "Заң мен тәртіп" идеологиясын кезең-кезеңімен енгізуге дейін.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланудың маңызы ерекше атап өтілді. Дрондар жол қозғалысы қағидаларын бұзудың, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды анықтау, сондай-ақ қылмыстарды ашу мақсатында қолданылуы тиіс.
Айдар Сайтбеков алкогольден бас тартқан ауылдарды қолдау бағытындағы жұмысты жандандыру, сондай-ақ "Жас сақшы" сыныптарының желісін кеңейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жеке құрам арасындағы тәртіп мәселесіне қатысты Ішкі істер министрлігінің ұстанымы қатаң әрі қағидатты екені ерекше атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша министрдің орынбасары департамент басшылығына бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жаңа бастығына халық пен мемлекет игілігі жолындағы қызметіне сәттілік тіледі.
