Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сарсенов жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барды
Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сарсенов жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында ол облыстық полиция департаментінде болып, жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Күрделі жөндеуден өткен және жақын уақытта пайдалануға берілетін орталықтың техникалық мүмкіндіктері көрсетілді.

Сәкен Сарсенов Сәтбаев қалалық полиция бөлімінде де болып, бейнебақылау жүйесінің жұмысын тексерді. Ол жүйенің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Кеңес кезінде ІІМ орынбасары өңірдегі цифрлық жобаларды жетілдіру бағытындағы жұмыстарды талқылады. Қазіргі уақытта облыс аумағында мекенжайлық бағдарламаға сәйкес 3 562 бейнекамера орнатылған, оның 202-сінде жасанды интеллект элементтері қолданылады. Бұдан бөлек, өңірде 106 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Олар жылдамдықты өлшеу, мемлекеттік нөмірлерді тану және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сапар қорытындысында Сәкен Сарсенов облыста қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен бейнебақылау жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
