Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ішкі істер министрінің орынбасары Сыр өңіріне жұмыс сапарымен барды

Ішкі істер министрінің орынбасары Сыр өңіріне жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Сапар барысында ол облыс активі мен полиция департаментінің жеке құрамына өңірдің жаңа полиция бастығын таныстырды.

Сәкен Сәрсенов жаңа басшыны таныстырды.

– Серік Ергешов ішкі істер органдарында 2000 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Әр жылдары жауапты басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Бұған дейін ол Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметінде болған, – деп атап өтті.

Облыс активінің жиналысы барысында СәкентСәрсенов өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаевқа ҚР Ішкі істер министрінің «Алғыс хатын» табыстады.

Сонымен қатар жұмыс сапары аясында министрдің орынбасары облыстық полиция департаменті басшылығы мен жеке құрамның қатысуымен жедел кеңес өткізді. Кеңесте Ішкі істер министрі жариялаған 2025 жыл – «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп белгіленгенін айтып, осы бағыттағы негізгі міндеттерді түсіндірді. Заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық шараларды күшейту және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру қажеттігі айтылды. Жеке құрамға қойылған талаптар мен нақты тапсырмалар жеткізіліп, жұмыс тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.

Министрдің орынбасары кеңестен кейін қылмыстың алдын алу мен оларды ашуда заманауи технологияларды қолдану мәселесіне назар аударды. Ол облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығының жұмысымен танысып, орталықтың озық техникалармен жабдықталғанын және қызметкерлердің нәтижелі еңбегін жоғары бағалады.

Айта кетейік, Қызылорда облысы республикада алғаш болып барлық аудандық полиция бөлімдерінде жедел басқару орталықтарын іске қосты. Бұл жоба Ішкі істер министрінің бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылды. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 7 ауданға жалпы саны 588 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде әр ауданда 77 камера және 7 жылдамдық өлшегіш құрал жұмыс істеп тұр.

Өткен жылы бейнебақылау жүйесінің көмегімен 138 қылмыс ашылып, 50 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Жұмыс сапары барысында Сәкен Сәрсенов Шиелі ауданы мен Байқоңыр қаласында да болып, жергілікті полиция бөлімдерінің қызметімен, материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Жеке құраммен кездесіп, Мемлекет басшысының ішкі істер органдарына қойған міндеттері мен талаптарына тоқталды. Ол қоғамдық тәртіпті жоғары деңгейде қамтамасыз ету, халықтың полицияға деген сенімін арттыру және қызметкерлердің заңдылық пен тәртіпті қатаң сақтауы қажеттігін ерекше атап өтті.

Бұл сапар құқық қорғау органдары қызметінің сапасын арттыруға және заманауи технологияларды тиімді пайдалануға серпін беретін маңызды шаралардың бірі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру