Ішкі істер органдарында тіркеуге қойылмаған 70 қару тәркіленді
Алматы облысының полицейлері заңсыз айналымнан ішкі істер органдарында тіркелмеген 70 дана қаруды тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері жүргізілген арнайы шара барысында қару-жарақты сатып алу, сақтау және тасымалдау тәртібін сақтамаған адамдардан 279 қару тәркіленді. Оның тоғызы ойық ұңғылы мылтық болса, 226 данасы тегіс ұңғылы аңшы мылтығы және газ бен травматикалық қару түрлері бар. Тәртіп сақшылары қару иелерінің қару-жарақты сатып алуда, оны сақтау мен тасымалдауда қолданыстағы заң талабына қатаң сақтауын қадағалайды. Қару иелеріне құқықтық-консультациялық көмек көрсетеді.
– Биыл ішкі істер органдарында тіркеуге қойылмаған 70 дана қару тәркіленді. Олардың ішінде үш дана ойық ұңғылы және 58 дана тегіс ұңғылы аңшы мылтықтары бар. Сондай-ақ, үш дана газбен атылатын және алты травматикалық қару бар. Тәркіленген қарулардың тарихы толыққанды тексерілгеннен кейін заңға сәйкес жойылуға жіберіледі, – деп толықтырды облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Таңатаров.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары азаматтық және қызметтік қару-жарақты пайдалану мен оны сақтаудың тәртіптерін сақтамаған 714 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Атап айтқанда, 400 астам адам қаруды тіркеу мен қайта тіркеу тәртібін бұзса, 393 адам қару-жарақты сатып алу, пайданалу немесе тасымалдау тәртібін сақтамағаны үшін айыппұл арқалаған.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қалада немесе ірі елдімекенде тұратын қару-жарақ иесі қаруын сақтайтын сейфке немесе темір жәшікке дабылқаққыш заманауи күзет жүйесін орнатуы тиіс. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полицейлер осы талаптың орындалуын қатаң бақылауға алған.