Ішкі істер органдарының ардагері ауыр қылмысты ашқаны үшін марапатталды
57 жасар Жамантай Серіков 2008 жылға дейін Қарағанды облысы Абай ауданының полиция басқармасы болып жұмыс істеді. Ол тергеуші, учаскелік инспектор қызметтерін атқарған. Ал, зейнеткерлік демалысқа Жамантай Орақұлы тергеу бөлімінің бастығы қызметінен кейін шықты.
Ағымдағы жылдың 6 қаңтарында Жамантай Серіков өз автокөлігімен Курчатов көшесінің бойында бір дүкеннің жанынан өтіп бара жатып, көмек туралы дауысты естіп, тоқтады. Полиция нарядын шақырды. Содан кейін, қашып кеткен адамды көріп, қуып жетті.
Жеке үйлердің ауласында автопатруль қызметкерлері, полиция инспекторлары құрамындағы аға сержант Қасымбек Бостанов, Думан Қазанғапов пен полиция қатардағы жауынгері Иван Соладухин Абай қаласының 27 жастағы тұрғынын ұстады.
Анықталғандай, аталған ер адам күш қолданамын деп қорқытып, қарақшылық шабуыл жасап, дүкен кассасынан 40 мың теңге көлеміндегі ақшаны алып кеткен.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Е.Файзуллин қылмыс жасаған күдіктіні ұстауға қатысқан белсенді азаматтық ұстанымдары үшін Жамантай Серіковті ҚР ІІМ белгісі бар қол сағатымен марапаттады.