Истаевтар әулеті: Павлодар облысындағы тәртіп сақшыларының үлгілі отбасы
Павлодар облысында бірнеше буын бойы ішкі істер органдарында қызмет етіп келе жатқан Истаевтар әулеті – құқық қорғау саласындағы отбасылық дәстүрдің айқын үлгісі. Бұл әулеттегі әрбір мүшенің өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің жарқын көрінісі. Бұл отбасы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Әулеттің негізін қалаушы Қасен Истаев 1984 жылы Семей автомеханикалық техникумын тәмамдаған соң, комсомол жолдамасымен полиция қызметіне қабылданды. Ол Павлодар облысы ІІБ жол-патрульдік қызметі бөлімшесінде қатардағы инспектор ретінде еңбек жолын бастап, кейінірек жол полициясы басқармасының түрлі жауапты лауазымдарында қызмет атқарды. 2005 жылы Павлодар облысы жол полициясы басқармасының штаб бастығы лауазымынан полиция майоры шенімен құрметті демалысқа шықты.
Қызмет барысында ол "Мінсіз қызметі үшін", "Милиция үздігі", "Қазақстан полициясына 25 жыл", "Қазақстан полициясына 30 жыл", "Кеңес милициясына 100 жыл" медальдарымен, сондай-ақ ҚР ІІМ және Павлодар облысы ІІБ-нің алғыс хаттары мен грамоталарымен марапатталды.
Қасен Истаевтың ұлы Берік Истаев, әкесінің жолын саналы түрде таңдап, 2004 жылы Ақсу қаласы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы ретінде қызметін бастады. Кейінірек аға және басшы құрамның түрлі лауазымдарында жұмыс істеді. 2020 жылдан бастап Павлодар ауданының полиция бөлімінде жергілікті полиция қызметінің бастығы болып қызмет атқарды. 2022 жылдан бері Павлодар ауданы полиция бөлімінің кадр саясаты жөніндегі орынбасары лауазымын атқарып келеді.
Истаевтар әулетінің тағы бір мүшесі, әділет кеңесшісі Әсемгүл Истаева, Павлодар облысы Прокуратура басқармасының прокуроры қызметін атқарады. Ол да отбасылық дәстүрді жалғастырып, заң саласында абыройлы еңбек етуде.
Истаевтар әулетінің бірнеше буынының құқық қорғау саласында қызмет етуі – отбасылық құндылықтардың, патриотизм мен адалдықтың жарқын көрінісі. Мұндай әулеттер қоғамда тәртіп пен әділеттілікті сақтау жолында үлкен үлес қосып, жас ұрпаққа үлгі болуда.