Итін автомобильмен сүйреген қартқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Павлодар облысында итін автомобильмен сүйреген азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың 23 желтоқсанында Instagram әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу кезінде Polezno.ekb парақшасында Екібастұз қаласында белгісіз жүргізушінің автокөлікпен ит сүйреп келе жатқаны туралы бейнежазба анықталды.
Іздестіру нәтижесінде полиция қызметкерлері бейнежазбадағы жүргізушіні анықтады, ол Екібастұз қаласының 72 жастағы тұрғыны болып шықты.
Ер адамның айтуынша, ол өзінің «Алабай» тұқымдас итін ветеринарлық емханаға апарған. Алайда кәрілігіне байланысты, итін қайтар жолда көлікке отырғыза алмаған.
Ер адамға қатысты жануарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы (Жануарларға қатыгездiк жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік автотұраққа қойылды.