Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Итті серуендету ережесін бұзған мас павлодарлыққа әкімшілік хаттама толтырылды

Итті серуендету ережесін бұзған мас павлодарлыққа әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Иттерді күнделікті серуендету иелеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі жануардың ешкімге зиян тигізбеуін қадағалау маңызды. Бұл үшін итті бақылаудан шығармау керек және тұмылдырықта ұстау керек.

Павлодарлық бір тұрғын басқалардың қауіпсіздігі туралы мүлдем ойламаған. Ойлайтын мұршасы да болмаған. Орындықта отырған ер адам қолындағы сырасын сораптап, екінші қолымен тұмылдырық тағылмаған овчарка итін ұстап отырған. Ит ызалана арсылдап, маңайда ойнап жүрген балаларға тоқтаусыз үрген. Аула тұрғындары иттің иесін өз бетінше ескертуге тырыспады, себебі иттің иесі әжептәуір қызу болатын және түсініксіз сөздерді айқайлап айтып, өтіп бара жатқан адамдарды мазалаған.

Көрсетілген мекенжайға келген полиция аталмыш азаматпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында оның мекенжайын анықтап, итті пәтеріне дейін апарып, әйеліне тапсырған.

Павлодарлық уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізіліп, куәландырудан өткізілгенде оның орташа алкогольдік масаю дәрежесінде екені анықталды.

– Павлодарлыққа қатысты қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша және итті серуендету ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру