Із-түзсіз жоғалған 3 жасар баланы шымкенттік полицейлер тапты
Із-түзсіз жоғалған үш жасар баланы шымкенттік полицейлер тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 18 мамыр күні 102 сымтетігіне Шымкент қаласының тұрғыны кішкентай баласының жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Анасының айтуынша, баласы есік алдына ойнауға шығып кетіп, қайтып оралмаған. Тәртіп сақшылары ақпарат алысымен бірден шұғыл іздестіру жұмыстарына кіріскен.
Сол арада ПД-нің басқармаларына бағытнамалар жіберіліп, тәртіп сақшылары жоғалған үш жасар баланы табу мақсатында жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді.
«Теріскей» стационарлық бекетінің қызмет инспекторының міндетін атқарушы А. Абенов жол бойында жалғыз жүрген кішкентай баланы байқады. Содан стационарлық бекетке алып келіп, үш жасар перзентін ата-анасына аман-есен табыстады. Ұлының табылғанына қуанған анасы полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.