Кадр қызметіндегі кәсібилік пен жауапкершілік үлгісі
Полиция органдары жүйесінде кадр қызметінің рөлі ерекше. Жеке құрам арасында салауатты моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру, қызметтік тәртіпті сақтау, патриоттық тәрбие беру және қызметке үміткерлерді сапалы іріктеу – осы бағыттардың барлығы кәсіби әрі тәжірибелі мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде жүзеге асады. Осындай қызметкерлердің бірі – Қарлығаш Тлеуленова, Павлодар облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс басқармасының аға инспекторы. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Ол еңбек жолын Павлодар қалалық ІІБ конвой қызметі ротасының полицейі қызметінен бастаған. Бұл кезең оның кәсіби қалыптасуына негіз болып, тәртіп пен жауапкершілік қағидаларын берік ұстануына ықпал етті.
Қарлығаш Қайырболатқызы 18 жылдан астам уақыт бойы ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Кадр саласындағы жұмыс – тек құжат айналымымен шектелмейді. Бұл – қызметтік жолы дәл осы бөлімнен басталатын адамдармен жүйелі әрі жан-жақты жұмыс жүргізу.
Ол жас курсанттар мен тағылымдамадан өтушілердің кәсіби тұрғыда өсіп, басшылық құрамға дейін жеткеніне куә болды. Қызметкерлермен жұмыс барысында талапшылдық пен қолдауды ұштастыра білу – оның басты ұстанымдарының бірі. Сонымен қатар ол зейнетақы заңнамасы, әлеуметтік қамтамасыз ету, қызмет өткерудің ерекшеліктері және экстремалды жағдайларда психологиялық тұрақтылықты сақтау мәселелерін жетік меңгерген.
Қызметтік жолында оған жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Лаура Байбек пен отставкадағы майор Анар Рашитова тәлімгерлік қолдау көрсетті. Тәжірибелі мамандар жас қызметкерге кәсіби біліммен қатар, адамдармен тиімді қарым-қатынас орнату, үміткерлердің әлеуетін бағалау дағдыларын үйретті.
Қарлығаш Тлеуленованың еңбегі бірнеше рет министрлік пен департамент басшылығы тарапынан медальдармен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталған. Қазіргі уақытта ол жас қызметкерлерге тәлімгерлік етіп, кадр қызметінің негізгі бағыттарын үйлестіруге атсалысуда.
Қызметпен қатар ол отбасы құндылықтарын да жоғары қояды. Жолдасымен бірге Ермұхамед есімді ұл тәрбиелеп отыр. Қызметтің жауапкершілігі мен жұмыс кестесінің ерекшелігіне қарамастан, отбасына уақыт бөліп, ана әрі жар ретіндегі міндетін абыроймен атқарып келеді.
Құқық тәртібін қамтамасыз ету қызметі үздіксіздік пен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қарлығаш Қайырболатқызы үшін кәсіби міндет пен отбасылық құндылық – өзара үйлесім тапқан өмірлік ұстаным.
