Карантин талаптарын бұзу деректері анықталуда
Павлодар облысының аумағында карантин талаптарын бұзу деректері азаяр емес, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының, прокуратура, полиция және әкімдік қызметкерлерінен тұратын мониторингтік топ тұрақты негізде Павлодар облысының аумағындағы сауда орындарында, қоғамдық тамақтану орындарында, монша кешендерінде және т.б. жұмыс режимі мен санитариялық талаптардың сақталуына тексеру жүргізеді.
Полиция қызметкерлері сонымен қатар демалыс және мереке күндері кейбір нысандарға шектеу шараларының таралатынын еске салады.
Тексеру барысында соңғы екі демалыс күнінде Павлодар облысының Бас санитарлық дәрігерінің қаулысын бұзудың төрт фактісі анықталды.
29 қараша күні сағат 18.10-да А.Шөкін көшесіндегі дәмханадан шыққан азаматтар мониторингтік топтың назарында ілінді. Демалыс күндері қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеуіне тыйым салынғанына қарамастан, дәмхана ішінде 10 адам тамақтанып отырған. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес демалыс күндері қоғамдық тамақтану объектілеріне тек жеткізу форматында жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Сондықтан мекеме иесіне, сондай-ақ дәмхана қонақтарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша материалдар жиналып, шешім қабылдау үшін Павлодар қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.
Сондай-ақ дәл осы күні аумақты патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары танымал демалыс орталығында адамдардың көп жиналғанын байқады. Мұнда 100-ге жуық адам бос уақытын көңілді өткізіп жүрген.
Спорттық жабдықтарды жалға беру жұмыс істеп, демалыс орталығының қонақтары шаңғымен және шанамен сырғуда, оларда қашықтық пен басқа да санитарлық нормаларды сақтау деген ой да болмаған.
Анықталған құқық бұзушылықтардың барлық фактілері бойынша осы орталықтың директоры енді жауапкершілікке тартылады.