Карантин талаптарын сақтамаған тұрғындар анықталды
Түркістан облысында мереке күндері карантин талабын сақтамаудың 150-ге жуық жайты анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әне-міне дегенше 2020 жылды артта қалдырып, 2021 жылды қарсы алдық. Бұл күндері ел-жұрт мереке тойлап жүргенде, тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет атқарды. Мереке күндері, яғни желтоқсан айының 28-і мен қаңтар айының 3-і күндері аралығында коронавирус індетінің өршіп, таралмауына тосқауыл қою мақсатында карантин талабының сақталуын қатаң қадағалауға алды. Ойын-сауық орталықтары мен сауда орындарының барлық шектеулерге бой ұсына отырып, халыққа қызмет етуін бақылады. Соның нәтижесінде Түркістан облысында ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 144 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 19-ы облыс орталығы Түркістан қаласында орын алған.
Мысалы, мобильдік топ өкілдері Түркістан қаласы Т.Нышанов көшесі бойында орналасқан үлкен сауда орындарының бірінде келушілер арасында арақашықтық сақталмағанын, сатушылардың медициналық қолғапсыз жұмыс атқарып жатқанын анықтады. Одан бөлек, Түркістан қаласындағы компьютерлік ойынханалардың бірінің иесі карантиндік шектеулерге қарамастан ойынхананы ашып жұмыс істегені және өзі медициналық бетпердесіз жүргені анықталды. Және осы ойынханаға келуші екі тұрғынның да бетперде тақпай жүргені белгілі болды. Қазіргі уақытта осындай әрекеттермен карантин талаптарын бұзған тұрғындарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органға (СЭС-ке) жіберілді.
Сондай-ақ полицейлер тойханалар мен мейрамхана, кафе-барларды тексеріп, нысан иелерімен кездесіп, той-жиын өткізбеу және азаматтардың жиналуына жол бермеу керектігін түсіндіріп, карантин талаптары бұзылған жағдайда заңды шара көрілетіні туралы ескертті. Сондықтан әрбіріміз денсаулығымызға немқұрайлы қарамайық. Жақынымызға жанашыр болайық. Ел қамын ойлайтын азаматтарымыз, ұлттың амандығы үшін күндіз-түні тынбай еңбек етуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақыттада өз жалғасын таппақ. Сондықтан бетперделік режим мен арақашықтықты сақтаңыздар!