«Кәсіпкерлікті қолдау қорынан ақша алып беремін»: Жетісайда аляқтық жасаған әйел анықталды
Жетісайда кәсіпкерлікті қолдау қорынан қайтарымсыз ақша алып беремін деп тұрғынды алдаған әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, өзінің танысы кәсіпкерлікті қолдау қорынан қайтарымсыз бір млн теңге алып беремін деп сеніміне кіріп, алдын ала 200 мың теңге ақшасын алған. Алайда берген уәдесін орындамаған, не ақшасын қайтармаған. Осылай бір жыл бойы созбалыққа салып жүрген.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары қылмысты ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жан-жақты іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, күдіктінің жүрген жері анықталып, Жетісай аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Ол жәбірленушіден алған ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Күдіктінің бұдан басқа қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.