Катонқарағай ауылында алғашқы "Жас сақшы" кадет сыныбы ашылды
Катонқарағай ауылындағы С.Ластаев атындағы орта мектепте "Жас сақшы" кадет сыныбының салтанатты ашылуы өтті. Кадет сыныбына 7-сыныптың 20 оқушысы қабылданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сыныпқа осы өңірдің тумасы, Катонқарағай аудандық ішкі істер бөлімінің милиция жүргізушісі аға сержант Бағыбек Тілекбаевтың есімі берілді. Ол 1994 жылғы 3 қыркүйекте тергеу-қамауға алынған қылмыскерлерді айдауылдау барысында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан.
Салтанатты іс-шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері, полиция қызметкерлері, Бағыбек Тілекбаевтың жақын туыстары және кадет сыныбының оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты.
Кадет сыныбының ашылуы өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге, құқық қорғау органдарында қызмет етуге қызығушылықты арттыруға және оқушылардың кәсіби бағдарын айқындауға бағытталған. Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен басталып, кейін кадеттер саптық даярлықтарын көрсетіп, арнайы дайындалған музыкалық нөмірлерін ұсынды. Іс-шара жас кадеттердің ант қабылдауымен және оларға кадет куәліктерін табыстаумен аяқталды.
Кадет сыныбының оқушылары үшін арнайы полицей үлгісіндегі формалық киім әзірленіп, оқу кабинеті қажетті көрнекі құралдармен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасымен келісім бойынша кадеттердің оқу бағдарламасына құқық қорғау қызметінің негіздері, алғашқы әскери дайындық, алғашқы медициналық көмек көрсету секілді қосымша пәндер енгізілді. Оқыту үдерісіне полиция қызметкерлері мен тиісті сала мамандары тартылатын болады.
Мереке қонақтары жас кадеттерді құттықтап, олардың болашақта өз елінің лайықты азаматы және отаншыл тұлғасы болатынына сенім білдірді.